2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес үй жануарларының есебін жүргізу міндетті болып табылады. Есепке алу жануарлар тізіміне енгізілген және жеке, заңды тұлғаларға тиесілі жануарларға, сондай-ақ жануарларды уақытша ұстау орындарында, жануарлар паналарында, оңалту орталықтарында және зоологиялық питомниктерде орналасқан жануарларға да қолданылады.
Иесі ауысқан жағдайда үй жануары қайта есепке қойылуы тиіс. Облыс аумағында жануарларды есепке алу бойынша «ТАNBA» ақпараттық сервисі жұмыс істейді.
Үй жануарларын есепке алу ақылы негізде жүргізіледі. Жануар иесі жеке өзі жануарларды есепке алу құралдарын (чиптер, болюстар және басқа да құрылғылар) таңдап, сатып алады. Алайда әлеуметтік жағынан осал топтар үшін жануарларды есепке алу тегін жүргізіледі — бұл қызмет жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар арқылы бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, әлеуметтік жағынан осал топтарға мыналар жатады:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер;
- І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар;
- уәкілетті орган бекіткен тізімдегі кейбір ауыр созылмалы аурулармен ауыратын адамдар;
- жасына байланысты зейнеткерлер;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 29 жасқа толмаған жастар (егер олар ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылса);
- қандастар;
- экологиялық апаттар, табиғи немесе техногендік төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйсіз қалған адамдар;
- көпбалалы аналар — «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, сондай-ақ «Ана даңқы» ордендерінің I және II дәрежелерімен наградталғандар, көпбалалы отбасылар;
- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін орындау, әскери қызмет, адам өмірін құтқару, құқықтық тәртіпті қорғау, ғарыштық ұшу дайындығы немесе оны жүзеге асыру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) тұлғалардың отбасылары;
- толық емес отбасылар.
Бұл қызметті тегін алу үшін жоғарыда көрсетілген санаттардың біріне жататынын растайтын құжатты ұсыну қажет.
Үй жануарын есепке қойғаннан кейін оған жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі. Жануардың өлімі жағдайында иесі 10 күнтізбелік күн ішінде мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға немесе тиісті лицензиясы бар жеке ветеринариялық клиникаларға хабарлауы тиіс.
Құрметті облыс тұрғындары! Сіздерді үй жануарларыңызды уақытылы есепке қоюға және стерилизациялауға шақырамыз. Бұл қадам қаңғыбас жануарлардың санының азаюына көмектеседі.
Есіңізде болсын: біз қолға үйреткен жануарлар үшін жауаптымыз!
Қаралым саны: 22