Бруцеллезге шалдыққан мал үшін өтемақы төлеу шарттары

Бруцеллез — жануарлар мен адамдарда созылмалы түрде өтетін ауру.

Адамдарға бруцеллез қоздырғышын жұқтырудың негізгі көздері — қой, ешкі, ірі қара мал, түйе, шошқа, марал және басқа да жануарлар түрлері.

Жұқпаның берілуіне әсер ететін негізгі факторлар — бруцеллалармен залалданған жануар тектес өнімдер мен шикізат, күтім заттары, жем-шөп, төсеніш, су, топырақ, адамдардың киімі.

Шаруашылықта ауру — басқа шаруашылықтардан мал әкелгенде, мал басын карантиндеу ережелерін сақтамағанда, сау және ауру малды бірге жаю кезінде, мал суаруға залалданған су көздерін, айдау жолдарын пайдаланғанда пайда болуы мүмкін.

Жаңа бруцеллез ошағында бірнеше ай ішінде сезімтал мал басының 60 %-дан астамы залалдануы мүмкін.

Аурудың таралуына жол бермеу мақсатында жылына екі рет бруцеллезге диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бағып-күтумен және өсірумен айналысатын адамдар, бруцеллезге оң нәтиже берген жануарлар анықталған жағдайда, төмендегіні білуі қажет:

Бруцеллез бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібіне сәйкес, иелері ауру малды басқа малдан оқшаулауға және 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей ет комбинаттары немесе сою пункттеріне санитариялық союға тапсыруға міндетті. Мал санитариялық союға жіберілгеннен кейін, ауру мал тұрған қорада механикалық тазалау (көң, жем-шөпті шығару) жүргізіліп, одан кейін ветеринария қызметкерлері тарапынан дезинфекция жасалуы тиіс.

Бруцеллезге шалдыққан мал санитариялық союға тапсырылғанда, зертхана ветеринариялық дәрігері сою нысанында ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізеді, оның нәтижесінде еттің ветеринариялық-санитариялық бағасы анықталады.

Ветеринариялық-санитариялық бағалау қағидаларына сәйкес, бруцеллезбен ауырған жануарлардың (қой мен ешкі ұшасынан басқа) ұшаларында және ағзаларында патолого-анатомиялық өзгерістер болмаған жағдайда, етті 12 сағаттық пісіп-жетілуінен кейін шектеусіз өткізуге рұқсат етіледі.

Осындай қорытынды алған жағдайда, жануар иелері ветеринариялық-санитариялық сараптама актісінің негізінде бруцеллезге оң нәтиже берген малдан алынған ет ұшасын ішкі сауда нысандарында (дүкендер, базарлар) нарықтық бағамен сатуға немесе оны сою нысанында қалдыруға құқылы. Сондықтан, бруцеллез кезінде ірі қара, шошқа, түйе және жылқы етін шектеусіз пайдалануға рұқсат берілген жағдайда, жануардың, өнімнің және жануар тектес шикізаттың құнын өтеу төленбейді. Өтемақы тек қана ұша мен ағзаларда патолого-анатомиялық өзгерістер болғанда, оларды міндетті түрде залалсыздандыру және қайта өңдеу кезінде төленеді.

Өтемақы жергілікті бюджет есебінен жануар тектес өнімнің 1 килограмына орташа айлық нарықтық құнының 30 %-ы мөлшерінде төленеді, ал қалған 70 %-ын өнім мен шикізатты қайта өңдейтін ұйым төлейді.

Бруцеллезге оң нәтиже берген жануарларды міндетті түрде залалсыздандыру және қайта өңдеу кезінде (мал алынып қойылмайды) өтемақы алу үшін қажетті құжаттар тізімі:

Сараптама актісі (сынақ хаттамасы);

Залалсыздандыру (дезинфекция) туралы нұсқама;

Мал мен өнімді қайта өңдеуге тапсыру актісі;

Орташа айлық нарықтық құнын белгілеу актісі;

Ветеринариялық паспорт;

Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру деректер базасынан үзінді.

Бруцеллез ауруының алдын алу үшін меншік нысанына қарамастан барлық мал иелері жануарларын ветеринария қызметінің мамандарына міндетті індетке қарсы іс-шаралар жүргізуге беруі және малдарын аудандық ветеринариялық станцияда тіркеуі қажет.

Құрметті Есіл ауданының тұрғындары!
Бруцеллез — адам мен жануарға ортақ қауіпті ауру. Бруцеллездің алдын алу және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаңыздар.

 

12.08.2025
Қаралым саны: 139